Орынбор облысындағы Орск қаласы маңында оқу-жаттығу ұшуы кезінде Diamond DA40 үлгісіндегі оқу ұшағы апатқа ұшырады. Қайғылы оқиғаны ресми түрде Ресейдің азаматтық авиация агенттігі – Росавиация растады, деп хабарлайды qandastar.kz ақпараттық порталы ulysmedia.kz сайтына сілтеп.
Апат салдарынан әуе кемесіндегі бүкіл экипаж қаза тапты. Қаза болғандар – 36 жастағы ұшқыш және 20 мен 21 жастағы екі курсант.
Telegram-дағы Shot арнасының жазуынша, апаттың алдын ала себебі ретінде «сваливание» көрсетілген. Мамандардың түсіндіруінше, бұл – аэродинамикалық срыв, яғни ұшақтың ауада көтергіш күшін жоғалтуы.
Мұндай төтенше жағдай әуе кемесі толықтай жарамды болғанның өзінде орын алуы мүмкін. Аэродинамикалық срыв – ұшу кезіндегі ең қауіпті жағдайлардың бірі саналады. Бұл кезде ұшақ тұрақтылығын жоғалтып, басқарылмай қалады және қозғалыс барысында қатты діріл пайда болады.
Авиация саласындағы сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдай көбіне пилоттау қателіктері мен төмен биіктікте ұшу салдарынан туындайды.



