Биыл қазақстандықтардың жаңа жылдық дастарханына арналған азық-түлік себетінің орташа құны шамамен 70 мың теңгені құрайды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі kazinform парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаевтың айтуынша, талдау барысында жаңа жылға жиі сатып алынатын 37 түрлі азық-түлік өнімі қамтылған. Аталған тізімге екі түрлі ыстық тағам, оның ішінде тауық еті де кірген.
«Өткен жылы жаңа жылдық азық-түлік себетінің құны шамамен 68 мың теңге болды. Ал биыл бұл көрсеткіш 70 мың теңге деңгейінде. Кейбір тауарлардың бағасы арзандаса, кейбірінің бағасы керісінше өсті. Жалпы баға динамикасы осындай», – деді комитет төрағасы.
Ведомство мәліметінше, нарықтағы баға өзгерісі маусымдық факторлар мен сұранысқа байланысты қалыптасқан.



