Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Шенеуніктер балаларын шетелге оқуға жібереді»: Шалғай ауылдағы мектептің жағдайы қазақстандықтарды алаңдатты

Қоғам белсендісі Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Тайпақ ауылындағы Құрман Байсықов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің жағдайын көрсетті.

Алмагүл Иқсанованың айтуынша, балалар кеңес дәуірінен қалған ескі ғимаратта оқуға мәжбүр.

«Ауыл балаларының қандай жағдайда оқитынына қараңызшы. Кірпіш оқушылардың басына құлап кетуі мүмкін. Есіктің тұтқасы былқылдап тұр, балалар саусағын қыстырып алса, қайтеміз. Мектеп ауласында сыраның бөтелкелері шашылып жатыр. Шұңқырға біреу құлауы ықтимал» — дейді белсенді.

Айтуынша, мектеп оқушылары қыста дәретхананы пайдалану үшін сыртқа шығуға мәжбүр.

Ауыл тұрғыны Болат Дошаев бұл мектептің тарихы мол екендігін алға тартты.

«Өткен ғасырда шіркеу ғимаратын бұзып, соның кірпішінен, ескі үйлердің тақтайларынан салынған ғимарат. Қазіргі жағдайы сын көтермейді. Жаңа мектеп қажет», — деді ол.

Ал облыстық білім басқармасы жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтады.

Ведомство мәліметінше, 1948 жылы негізі қаланған мектеп 1953 жылы пайдалануға берілген.

2024 жылы жылу жүйесі жаңартылып, биыл блоктық-модульдік қазандық орнатылған.

«Мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу 2026 жылға жоспарланып отыр. Білім басқармасы жағдайды бақылауда ұстап, мектептер жағдайын жақсарту бойынша шараларды кезең-кезеңмен жүзеге асырып жатыр. Қ.Байсықов атындағы мектепте 2025-2026 оқу жылында 1-11 сыныпта 497 оқушы білім алып жатыр. Сондай-ақ мектепалды даярлық тобында 46 тәрбиеленуші бар. 69 педагог жұмыс істейді», — делінген мәлімдемеде.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button