Жаңалықтар

Шенген визасына қатысты өзгерістер енгізілді

Фото: adyrna.kz

12 қазаннан бастап Еуропалық Одақ елдерінде жаңа «Кіру мен шығу жүйесі» (Entry/Exit System, EES) іске қосылады. Бұл жүйе Шенген аймағына кіріп-шығуды төлқұжатқа мөр басумен емес, цифрлық тіркеу арқылы растайтын болады, деп хабарлайды qandastar.kz.

Жаңа тәртіп келесі жылдың 10 сәуіріне дейін кезең-кезеңімен толық енгізіледі. Ол ЕО-ға мүше емес елдердің азаматтарына, яғни қазақстандықтарға да қатысты.

Негізгі өзгерістер:

  • Шекарадан өту электронды түрде тіркеледі, төлқұжатқа мөр қойылмайды;
  • Жолаушылар арнайы терминалдар арқылы өздігінен тексеруден өте алады;
  • Биометриялық деректер – бет-жүзінің цифрлық бейнесі мен саусақ таңбасы міндетті түрде алынады;
  • Әрбір азаматтың Еуропаға кіріп-шығуы, елде болу мерзімі және бас тарту жағдайлары жүйеде сақталады;
  • Деректер 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімде сақталып, кейін жойылады.

Еурокомиссияның мәлімдеуінше, EES шекаралық бақылауды жеделдетіп, заңсыз көші-қонның алдын алуға, терроризммен күреске және қылмыскерлерді анықтауға көмектеседі.

Айта кету керек, Қазақстанда Шенген визасына сұраныс жылдан жылға артып келеді. 2024 жылы елімізде 179 мыңнан астам өтініш берілген – бұл рекордтық көрсеткіш. Визаға ең көп сұраныс Германияға бағытталған (45 мыңнан астам өтініш).

Жаңа жүйе енгізілгеннен кейін қазақстандықтар виза алу кезінде биометриялық деректерін міндетті түрде тапсырады. Еуропалық қалалардағы бейнебақылау жүйелері арқылы олардың қозғалысы да қадағаланып отырады.

Егер саяхатшы биометриялық рәсімдерден өтуден бас тартса, оған Шенген аймағына кіруге рұқсат берілмейді.

 

 

Back to top button