
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі
Қазақ спорт және туризм академиясының студенті, жас қақпашы Шерхан Қалмұрза ректорлық білім грантына ие болды. Бұл жаңалықты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жария етті, деп хабарлайды qandastar.kz.
Министр бұқаралық спорттың дамуы мен сапалы білімнің ұлт болашағын қалыптастырудағы маңызына тоқталып өтті.
«Әрбір спортшы халықаралық талаптарға сай білім алуы тиіс. Бұл оларға тек спортта ғана емес, мансаптан кейінгі өмірде де өз орнын табуға мүмкіндік береді», – деді Саясат Нұрбек.
Оның айтуынша, Шерханның жетістігі – барша қазақстандық жастар үшін үлгі боларлық оқиға. Сол себепті ақылы бөлімде оқып жүрген студентке ректордың арнайы гранты табысталды. Сондай-ақ министр алдағы уақытта да талантты жастарды қолдау жалғасатынын атап өтті.
Академияның спорт және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Мұхтар Есқалиев оқу орны студенттердің бастамалары мен жетістіктерін әрдайым қолдайтынын айтты.
Өз кезегінде Шерхан Қалмұрза көрсетілген құрмет үшін алғыс білдіріп, елдегі футболдың дамуына үлес қосуға ниетті екенін жеткізді.