Жаңалықтар

«Шерзаттың ағасы сияқты өлесің»: Белгілі актриса 18 жастағы жігітті ұрлау дерегін жариялады

Актриса Гүлшарат Жұбаева әлеуметтік желіде жантүршігерлік оқиға туралы хабарлады. Оның айтуынша, цехта жұмыс істейтін 18 жастағы жігіт жұмыстан кейін такси шақырып, үйіне қайтпақ болған. Сол сәтте бейтаныс адамдар көлікпен тоқтап, «үйіңе жеткізіп тастайық» деп алдап мінгізген, деп хабарлады qandastar.kz.

Күдіктілер жас жігітті белбеумен орындыққа байлап, телефонын тартып алып, туыстарынан 3 миллион теңге талап еткен. «Шерзаттың ағасын қалай өлтірсек, сені де солай істейміз» деп қорқытқан.

Жәбірленушінің туыстары талап етілген соманы көрсетілген Kaspi нөмірге аударғанымен, қылмыскерлер оны босатпаған. Олар жігітті түні бойы Алматы, «Алтын Орда» және Талғар бағытымен алып жүрген.

Таңға жуық күдіктілердің бірі ұйықтап қалған сәтте,жәбірленуші жүріп келе жатқан көліктен секіріп, қашып құтылған.

Бұл оқиға әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырып, қоғамда азаматтардың қауіпсіздігі мен жазасыздық мәселесін қайта талқылауға себеп болды. Пайдаланушылар қылмыскерлерді тауып, оларды заң аясында қатаң жазалауды талап етуде.

Back to top button