Жаңалықтар
Шерзаттың әкесі інісінің мәйітін өзі тапқанын айтты
Фото: видео скрин
Талғар қаласының шет жағынан марқұм Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың мәйіті табылды. Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов інісі көз жұмған жерді видеоға түсіріп, оны қалай тауып алғанын баяндады, деп жазды qandastar.kz
Stan.kz дерегінше, Қаржаубай Нұрымов інісінің мәйітін өзі тапқан. Оның оқиға орнының көрсеткен видеосы желіде тарады. Нұрымовтың сөзінше, інісі көлігін оталған күйі тастап кетіп, оқиға орнына дейін жаяу барған.
«Бір кісілер көлікті көріп, осы жерде деп айтқаннан кейін бейіттің басына келдік. Келгенімізде көліктің есігі ашық еді, ішінде екі телефон бар. Оталып тұрған сияқты, нақты есімде емес. Осы жерден қардың үстіндегі жалғыз іздің артынан жүрдік. Жардан түсіп, төмен тас жолға қарай жүреді. Мына жерден адамның түсуі қиын. Жардан түсіп, 500-700 метр тас жолға қарай жақындайды. Іздің артына түсіп барғанымызда трассаға жете салған жерде бауырым отыр, жан тапсырған”, – дейді Қаржаубай Нұрымов.
Қаржаубай Нұрымов інісінің екі аяғы жерге тиіп, еркін отырғанын айтты.
«Екі жағы мұсылмандар мен христяндардың бейіті. Екі таудың ортасымен жүреді де, түнде жалғыз өзі. Тас жолға жақындап қалған жерде бетонның артында екі аяғы жерге тиіп, бүктеліп отырған күйінде табылды. Мойнына сым байланған. Жарықшамы бар сым бұтаққа байланған. Бірақ ол еркін отыр. Мойнының бір жағында ғана із байқалды. Табылған жердің жанында ғана көлік өтетін жол тұр. Бірақ ол көлігін тау жаққа есігін ашып қалдырып, осы жерге дейін жаяу келген. Менің шындығым осы”, – дейді Қаржаубай Нұрымов.