Белгілі заңгер Мейірман Шекеев композитор Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызына құқықтық қолдау көрсететінін хабарлады. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп жазады qandastar.kz
Заңгердің айтуынша, Айсұлумен сөйлескеннен кейін істің біраз күмән тудыратын тұстары анықталған.
«Арман Дүйсеновтың жұбайы Айсұлу ханымның басына түскен ауыртпалықты ешкімнің басына бермесін. Әуелі жолдасы Арманның, араға көп уақыт салмай баласы Абылайдың қазасы, енді міне, соттың отбасы мүшелерін үйден шығару туралы шешімі… Маған ұсынылған құжаттарды зерделей келе, бұл істің көлеңкелі жақтары өте көп екенін байқадым», – деп жазды ол.
Заңгер бір отбасының мұншалық ауыр сынаққа қатар тап болуы өте күрделі жағдай екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кезде кеше қасынан табылғандар алыстап, қиындықпен жалғыз қалу жиі кездеседi.
«Айсұлу ханымды қарапайым халық жалғыз қалдырмайық. Қарап отырсам, жүйкесі әбден тозған, денсаулығы да сыр беріп жүр. Менің көзімше бірнеше рет дәрі ішті. Жалғыздың үні шықпас, сондықтан осы бағыттағы жұмыстарымызға сіздердің қолдауларыңыз ауадай қажет. «Ерім деген ел болмаса, елім деген ер болмас» деген сөз бар», – деді ол.



