Астанада «Отандастар қоры» КЕАҚ ұйымдастыруымен отандық және шетелдік ғылыми диаспораны біріктіретін «Отандастар ғалымдар форумы» өтті. Шараның мақсаты – шетелде еңбек етіп жүрген қазақ ғалымдарының тәжірибесін елдің ғылымы мен инновациялық дамуына тарту, деп жазады qandastar.kz
Форум барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Айбек Смадияров мемлекеттің шетелдегі ғалымдарға беретін қолдауы туралы айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте шетелдегі отандас ғалымдардың еліміздің дамуына қосатын үлесін ерекше атап өткен болатын. Президент олардың бастамаларына институционалдық және қаржылық қолдау көрсетілетінін мәлімдеп, Қазақстанда зерттеу жүргізуге шақырды. Бұл – ғылымның жаһандық кеңістікпен терең интеграциялануына жасалған маңызды қадам. Сыртқы істер министрлігі отандас ғалымдарды біріктіру мен Қазақстанмен байланысын нығайту бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Сіздердің кәсіби жетістіктеріңіз елдің халықаралық беделін арттыруға зор үлес қосып отыр, – деді Айбек Смадияров.

Сонымен қатар «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Данияр Қадыров қордың мақсаттары, атқарған жұмысы мен шетелдегі қазақ диаспорасымен жүйелі байланыс бағыттарын таныстырды.
– Қор 2018 жылдан бері әлемнің 30-дан астам еліндегі 200-ге жуық қазақ мәдени орталықтарымен тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Сол жобалардың ішінде ең маңыздыларының бірі – бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан «Жас қазақ» жазғы этно-лагері. Жыл сайын шетелден 150-ден астам жас Бурабайда демалып, қазақ тілін, тарихын, дәстүрін танып, отанымен байланысын нығайтады. Сонымен қатар шетелде табысқа жеткен отандастарымызды ел дамуына тарту мақсатында екінші жыл қатарынан тереңдетілген талдамалық зерттеу жүргізілуде, – деді ол.

Форумға шетелден 40-тан астам, Қазақстаннан 100-ге жуық ғалым мен сарапшы қатысты. Олар өз тәжірибелерін бөлісіп, ғылыми бағыттардағы жаңа идеялармен алмасып, халықаралық серіктестік мүмкіндіктерін талқылады. Германиядан келген ғалым Тұрсынжан Тоқай халықаралық ғылыми трендтер мен ғылымның стратегиялық рөлі туралы ой қозғады. Ол ғылымдағы жаһандық интеграцияның Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Ал Моңғолия елінен келген Бәкей Ағыпар дәстүрлі мал шаруашылығы мен заманауи технологиялардың тиімді синтезін көтеріп, аграрлық ғылымның жаңа бағыттарын ұсынды. Өзбекстаннан форумға арнайы жеткен Сапар Байтелесов ядролық энергетика мен реакторлар физикасының Қазақстандағы даму әлеуетін саралап, осы саладағы ғылыми-техникалық мүмкіндіктерді түсіндірді. АҚШ-та қызмет ететін Алтынбек Мұрат әлемдік трендке айналған жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін және оның ғылым мен өндірістегі рөлін ашып берді.
– Адамның жұмыссыз қалмауы үшін білім мен ғылымды дамыту аса маңызды. Жасанды интеллект барлық ғылымдармен байланысты, бірақ «адамды толығымен алмастырады» деген қауіп әзірге шындыққа жанаспайды. Дегенмен болашақта ол ықтимал. Сондықтан адам технологиядан қалыспай, әрдайым алда жүруі тиіс, – деді ол.
Форум аясында пленарлық сессиялар, ғылыми пікірталастар және «Ұлы дала» халықаралық кітап шығару байқауының тұсаукесері өтті.
Бұл – «Отандастар қоры» ұйымдастырған төртінші ірі халықаралық алаң. Бұған дейін 2019 және 2023 жылдары «Отандастар форумдары», 2024 жылы «Отандастар бизнес форумы» өткен.



