Әлем жаңалықтарыӘлеумет және қоғам
Байденнан көмек: USAID Қазақстандағы қандай «жалған ақпаратпен» күресті?

Фото: REUTERS
Билік басына келген Трамп білек сыбана қызметке кірісті. Алдымен ол барлық шетелдік көмек бағдарламаларын тоқтату туралы бұйрыққа қол қойды. Мақсат – олардың АҚШ-тың жаңа әкімшілік саяси мақсаттарына сәйкестігін тексеру. Алайда АҚШ федералды соты Президенттің бұл Жарлығымен келіспейді. Жақында Ақ үйдің баспасөз хатшысы шығындарды жіпке тізіп, басын ашып айтты. Халықаралық гуманитарлық ұйымдар болса, бұл өзгерістің салдары ауыр деп отыр. Әлемді әбігерге салған мәселеге qandastar.kz шолу жасады.
Ақ үйдің хабарлауынша, әкімшілік-бюджеттік саясат басқармасы (OMB) бюджет шығындарына талдау жүргізіп жатыр және АҚШ-тың жаңа Президентінің мақсаттарына сәйкес келетін бағдарламаларды сақтау бойынша федералды ведомстволардың ұсыныстарын қарастыруға дайын.
«Байденнің әкімшілігі ақымақтыққа жол берген. Санамаласақ, Гватемаладағы «жыныс ауыстыру» бағдарламасына 2 миллион доллар жұмсалған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов та сөз қозғап, қоғамға жат әсері бар бағдарламаларды тексеруге шақырды. Себебі 2022-2025 жылдары USAID Орталық Азияда адам құқықтары мен теңдікті нығайтуға $2 млн бөлінген. Бұл бағдарламаның атқарушысы – Еуропалық халықаралық лесби, гей, бисексуал, трансгендер және интерсекс қауымдастығы. Бұған қоса Қазақстандағы «жалған ақпаратқа қарсы күреске» 4,5 миллион доллар бөлінген», – деп қосты Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитт.
Левитт нақты қандай «жалған ақпарат» екенін жария етуден жалтарды.
Тағы бір маңыз берер тұс, күні кеше Мемлекеттік хатшы Марко Рубио АҚШ халықаралық даму агенттігін (USAID) басқарушы міндетін уақытша қоса атқаратын болды. Бұған қатысты мемлекеттік департамент мәлімдеме жариялап, «USAID бастапқы миссиясынан әлдеқашан ауытқып кетті – Америка мүдделерін шетелде алға жылжытуға жауапты еді, USAID қаржысының едәуір бөлігі АҚШ-тың негізгі ұлттық мүдделеріне сәйкес келмейтіні енді белгілі болды» деді.
5 ақпанда USAID бүкіл әлем бойынша қызметкерлерін әкімшілік демалысқа жіберетінін хабарлады.
Айта кетейік, USAID әлемнің 100-ден астам елінде америкалықтар атынан көмек көрсетіп келген. Ұйым Қазақстанға қол созуды 1992 жылы бастаған. Содан бері USAID арқылы елдегі экономикалық сектор, денсаулық сақтау жүйесі және демократиялық институттар бойынша бағдарламаларға қаржы бөлінген еді.