
Қазақстанда алимент төлеуден жалтарып, шетелге кеткен азаматтардың қарызы айтарлықтай көлемге жеткен, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Әділет министрлігі мәлім етті.
Ресми дерекке сәйкес, қазіргі таңда 100-ден астам сот шешімі мәжбүрлі түрде орындатуға жолданған. Жалпы берешек көлемі 47 миллион теңгені құрайды.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, алимент төлемей жүргендердің басым бөлігі ТМД елдерінде тіркелген.
Атап айтқанда, ең көп борышкер Ресей аумағында анықталған — ондаған атқарушылық құжат сол елге жіберілген. Сонымен қатар, Өзбекстанда да мұндай істер саны аз емес. Қалған жағдайлар Украина, Әзербайжан, Беларусь және Қырғызстан елдеріне тиесілі.
Бұл мәселе тек Қазақстан азаматтарымен шектелмейді.
Ел ішінде де алимент төлеуден жалтарып жүрген шетелдік азаматтар бар екені белгілі болды.
Өткен жылы Әділет министрлігіне шетел соттарының шешімдерін орындауға қатысты бірнеше өтініш түскен. Қазіргі уақытта аталған істер жоғарғы сот органында қаралуда.
Мамандардың пікірінше, алимент өндіріп алу мәселесі халықаралық деңгейде өзекті болып отыр және мемлекеттер арасындағы құқықтық өзара іс-қимылды күшейтуді талап етеді.



