Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыстан кейін қаза тапқандар саны артты.
Ауыр халде жатқан екі науқас көз жұмып, жалпы марқұмдар саны 9 адамға жетті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұған дейін жарылыс салдарынан 28 адамның зардап шеккені хабарланған еді.
Оның ішінде 7 адам қаза тапқан: бесеуі оқиға орнында, екеуі ауруханада қайтыс болған.
Сонымен қатар, бес науқас санитарлық авиация арқылы Астанаға жеткізілген.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің мәліметінше, 2 наурыздағы жағдай бойынша «Авиценна-Бурабай» стационарында төрт адам, тағы төртеуі Ақмола облыстық ауруханасының жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Алайда Щучинск қаласындағы стационарда хәлдері аса ауыр болған екі науқас дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан қайтыс болды.
Қазіргі уақытта дәрігерлер қалған науқастардың өмірін сақтап қалу үшін күрес жүргізіп жатыр.
Аймақтық медицина мекемелері қажетті мамандармен, құрал-жабдықпен және дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген.



