
Фото: Видеодан скриншот
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданына қарасты Шілікті ауылдық округінің әкімі Қуаныш Төлеуханұлы қоғамдық тыңдау кезінде айтқан дөрекі сөздері үшін жергілікті халықтан кешірім сұрады, деп хабарлады qandastar.kz.
Оның айтуынша, жиналыс барысында бір топ белгісіз адамдар жиынның өтуіне кедергі келтіріп, талқылау ұзаққа созылған. Осы сәтте әкімнің ашуға беріліп, әдепсіз сөздер айтып қойғанын өзі мойындады.
– Мен осы ауылда туып-өстім, елдің өркендеуі үшін еңбек етіп келемін. Қоғамдық тыңдау кезінде шыдамсыздық танытып, орынсыз сөздер айтып қойғаным рас. Эмоцияға ерік беріп, дұрыс емес әрекет жасағаныма өкінемін. Шілікті ауылының тұрғындарынан шын ниетпен кешірім сұраймын, – деді әкім өз үндеуінде.
Қуаныш Төлеуханұлының бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде кеңінен таралып, көпшілік тарапынан түрлі пікір тудырды. Бірі мемлекеттік қызметкердің қателігін мойындағанын оң бағаласа, енді бірі мұндай жағдайдың қайталанбауы қажет екенін атап өтті.