Жаңалықтар

ШҚО-да мал қырылып жатыр: тұрғындар алтын өндіруші зауытты кінәлайды

Фото:ашық дереккөз

Шығыс Қазақстандағы Маралды ауылының тұрғындары соңғы уақытта ірі қара малдың жаппай қырылуына алаңдаулы. Ауыл жұртшылығы бұған ауыл шетіндегі өзен суының ластануы себеп болуы мүмкін деп топшылайды. Өзеннің бастауында алтын өндіретін кәсіпорын орналасқан, деп жазды qandastar.kz

Тұрғындардың айтуынша, ірі қара мал өзеннен су ішкеннен кейін ауыра бастайды, кейін көп ұзамай өліп қалады. Аталған өзеннің жоғары жағында төрт жыл бұрын салынған алтын өндіру зауыты жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорынды «ВСАМ Продакшн» ЖШС басқарады. Ашық дереккөздерге сәйкес, компания жетекшісі – Айбек Әлібекұлы.

Маралды жұрты зауыттың құрылысы басталған сәттен-ақ қауіп білдірген. Олар өндірістен шығатын зиянды қалдықтар суды улап, экологиялық апатқа әкеп соғады деп күдіктенген. Алайда зауыт өкілдері барлық экологиялық талаптар сақталғанын, қоршаған ортаға зиян келмейтінін айтып, жұртты сендіруге тырысқан.

Белгілі болғандай, алтынды кеннен бөліп алу барысында зауытта цианид қолданылады. Бұл – аса қауіпті улы зат. Зауыт басшылығы өндіріс кезінде улы заттардың жер астына немесе өзенге түсуіне жол бермейтін көпсатылы қорғаныс жүйесі орнатылғанын мәлімдеген.

Десе де, соңғы күндері ауыл халқының алаңдаушылығы қайта үдей түсті. Экологиялық мәселелермен айналысатын Ecounion ұйымы Instagram парақшасында өліп қалған малдың видеосын жариялады. Экологтар цианидтің адам мен жануарға аса қауіпті екенін, бұрын оны тіпті зиянкес жәндіктерді жою үшін пайдаланғанын ескертеді.

– Бұл зауыт тұрғындар тұтынып отырған өзеннің дәл бойына, тау басына салынған. Цианидпен жұмыс істейтін өндірісті елді мекенге жақын орналастыру – үлкен қатер, – дейді экологтар.

Ауыл халқы бұл жағдайды бұған дейін Секисовкада орын алған цианид апатымен салыстырып отыр. Ол кезде билік мұндай нысандарды қатаң бақылауға алуға уәде берген еді. Соған қарамастан, Маралдыда халық қарсылығына қарамай зауыттың құрылысына рұқсат берілген.

Малдың қырылуынан бөлек, биыл ауылда аралар жоғалып кеткен. Бұрын бал жинап отыратын шаруалар ештеңе өндіре алмаған. Тұрғындар мұны өндірістен таралатын шаң мен үнемі үзілмейтін шудың әсері деп санайды.

Қазір Маралды халқы экологиялық апаттың салдары адам өміріне қауіп төндірмей тұрып, шұғыл шара қабылдауды талап етуде.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button