Әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында Мәңгілік алау жанында түсірілген суреттер мен видеолар тарады. Кадрлардан алаудың дәл қасында қалған қуырылған тауықтың қалдықтарын көруге болады, деп хабарлайды qandastar.kz сайты Halyqstan Telegram арнасына сілтеме жасап.
Halyqstan арнасы жазғандай, риддерліктердің ашу-ызалары орынды: «Адамдарда ардагерлерге деген еш құрметі қалмағандай. Мәңгілік алауды ас дайындайтын пешке айналдыру ар-намысқа тию», – деп жазылған хабарламада.
Оқиға таңғы уақытта белгілі болған. Жергілікті тұрғын мәңгілік алаудың жанында шашылып жатқан, кейбірі күйіп қалған тауық етін көрген. Тұрғын бұл көріністі суретке түсіріп, бірден чаттар мен әкімдікке, полицияға жолдаған. Ол ет қалдықтарын урнаға салып, коммуналдық қызметке хабар берген. Кейін тазалық қызметінің өкілдері келіп, аумақты дереу ретке келтірді.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек Риддер қалалық полициясында тіркелген.
Қазір тәртіп бұзушыларды анықтау үшін жедел-іздестіру және процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері жақын маңдағы аумақтарды тексеріп, бейнебақылау жазбаларын зерттеп, куәгерлерді анықтауда, – деп хабарлады ведомство.
Полиция ҚР заңнамасын сақтаудың міндет екенін ескертті. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорлау әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Мәңгілік алау – Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға арналған қасиетті орын. Сондықтан мұндай әрекет көпшілік тарапынан ауқымды айыптауларға себеп болды. Тұрғындар мұны ар-намысқа тию, батырлардың рухын қорлау деп бағалап отыр.
Полиция кінәлілерді анықтап, заң аясында жауапқа тартуға уәде берді.



