Өскеменде Шығыс Қазақстан облысының су тасқыны қаупі бар аймақтарына әуеден мониторинг жүргізілді. Бұл туралы өңірлік ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Мамандар қазіргі жағдайды бағалау үшін Үлкен-Нарын, Марқакөл, Зайсан және Тарбағатай аудандарының аумағын тікұшақпен шолып шыққан. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, облыс аумағының шамамен 85 пайызын қар жамылғысы басып жатыр. Қардың негізгі бөлігі таулы өңірлерде шоғырланған, ал төменгі және оңтүстік аудандарда қар жоқ.
Сонымен қатар, әуеден бақылау барысында Марқакөл ауданындағы Орта-Теректі су қоймасының бөгеті тексеріліп, төтенше жағдай қаупі анықталмаған. Қандысу су қоймасы да қаралып, оның транзиттік режимде жұмыс істеп тұрғаны және су жиналмай жатқаны белгілі болды.
Жалпы тексерілген аумақтарда су тасқынына қатысты жағдай тұрақты. Гидробекеттердегі су деңгейі қауіпті шектен төмен, өзендердің арнасынан асу деректері тіркелмеген.
Бұған дейін Қостанай өңірінде су тасқынының алдын алу жұмыстарына Ұлттық ұлан күштері жұмылдырылғаны хабарланған еді.



