Швейцарияда Жаңа жыл түні Кран-Монтана тау-шаңғы курортында болған өрт салдарынан қаза тапқан барлық адамдарды тану рәсімі аяқталды. Қайғылы оқиға салдарынан 40 адам көз жұмдыдеп жазады qandastar.kz ақпараттық агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, қаза тапқандардың арасында 15 жасөспірім бар. Ең жас құрбандар – Швейцариядан 14 жастағы қыз бала мен Франциядан 14 жастағы ұл бала. Қайтыс болғандардың жасы 14 пен 39 жас аралығында.
Сондай-ақ өрт құрбандары он елдің азаматтары екені анықталды. Олардың қатарында Швейцария, Италия, Румыния, Түркия, Португалия, Франция, Бельгия, Ұлыбритания және Израиль азаматтары бар.
Өрт салдарынан тағы 119 адам жарақат алған. Олардың алтауының жеке басы ауыр күйіктерге байланысты әзірге анықталмаған.
Прокуратура өрт шыққан бардың иесі болған ерлі-зайыптыға қатысты қылмыстық іс қозғады. Оларға абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру, абайсызда денсаулыққа зиян келтіру және абайсызда өрт шығару баптары бойынша айып тағылып отыр.
Тергеудің алдын ала қорытындыларына сәйкес, өрттің шығуына бөтелкелерге орнатылған бенгал оттарының төбеге тым жақын әкелінуі себеп болуы мүмкін.
Полиция қаза тапқандардың отбасыларына құрмет ретінде олардың жеке деректері жарияланбайтынын атап өтті.
Еске салайық, өрт 1 қаңтарға қараған түні Швейцарияның оңтүстік-батысындағы Кран-Монтана курортындағы барда болған. Шамамен түнгі 01:30-да мекеменің жертөле бөлігінде түтін пайда болып, артынан өрт жылдам тараған. Қайғылы оқиға салдарынан шамамен 40 адам қаза тауып, 100-ден астамы түрлі жарақат алды, олардың көпшілігі ауыр күйік шеккен.



