Швейцариялық трейдингтік компания Mercuria Energy Group Ltd. қазақстандық «Қазақмыс» корпорациясын сатып алу жөніндегі мәмілені қаржыландыру үшін 1,2 млрд доллар бөлді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Mercuria компаниясының металдар мен минералдар саудасы бағытының басшысы Костас Бинтас берген сұхбатында «Қазақмысты» қайта сатып алуды қаржыландыру фактісін растаған.
— Бұл — металлургия саласындағы алдын ала қаржыландыру бойынша тарихтағы ең ірі мәмілелердің бірі. Тіпті менің кәсіби тәжірибемдегі ең ауқымды келісім деп айтуға болады. Бұған дейін мұндай көлемдегі мәмілелерді тек энергетика нарығында көргенбіз, — деді Костас Бинтас.
Bloomberg бұл келісімді Mercuria үшін маңызды кезең деп бағалап отыр. Себебі компания осы арқылы бұрыннан Glencore мен Trafigura үстемдік еткен металл нарығындағы позициясын күшейтуде. Соңғы бір жылдан астам уақытта Mercuria металлургия саласында жалпы көлемі 3,5 млрд долларды құрайтын қаржыландыру келісімдерін жасаған. Ал «Қазақмысқа» қатысты мәміле соның ішіндегі ең ірісі.
Мәміле шарттарына сәйкес, «Қазақмысты» Владимир Ким мен Эдуард Огайдан сатып алу үшін бөлінген қаржының орнына Mercuria Қазақстанда өндірілетін мысқа қол жеткізеді. Қаржыландыру схемасы 8 жылға есептелген. Алғашқы төрт жыл ішінде швейцариялық компания жыл сайын 200 мың тонна катодты мыс алады, кейін өндірілген өнімнің белгілі бір үлесіне ие болады.
Bloomberg атап өткендей, Mercuria Қазақстанда жылдам түрде негізгі ойыншылардың біріне айналуда. Бұған дейін елдің металлургия саласында Glencore, ал мұнай секторында Vitol Group басымдыққа ие болған. Агенттік бұл мәмілені Қазақстандағы ірі активтердің иелері ауысып жатқан кезеңмен байланыстырады.
— Елде байлық пен ықпал бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев дәуірінде күшейген тұлғалардан қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезеңінде қалыптасып жатқан жаңа элиталарға өтіп жатыр, — деп жазады Bloomberg.
8 қаңтардағы дерек бойынша, «Қазақмыс» корпорациясының жаңа иесі ретінде Qazaq Acquisition Corp. тіркелген. Компания толығымен құрылыс магнаты Нұрлан Артықбаевқа тиесілі. «Қазақмыс» та, Артықбаевтың өзі де Mercuria-мен жасалған келісімге қатысты ресми пікір білдірмеген.
Костас Бинтас бұл мәмілені «мыс нарығына қатысты Mercuria ұстанымына деген сенімнің белгісі» деп атап өтті. Оның айтуынша, компанияның мыс бағасына қатысты болжамдары толықтай ақталған.
Айта кетейік, бұл — Mercuria-ның қазақстандық ірі бизнес өкілдерімен жасаған екінші ауқымды келісімі. 2025 жылдың қазан айында швейцариялық компания Eurasian Resources Group (ERG)-пен үш жылдық келісімге қол қойған. Аталған келісім аясында Mercuria Конго Демократиялық Республикасындағы мыс кенін өндіру жобаларына 100 млн долларға дейін қаржы бөлмек.
Ал 2025 жылдың соңында Нұрлан Артықбаев «Қазақмыс» активтерін толық сатып алу мәмілесін аяқтағаны белгілі болды. Көп ұзамай корпорацияда топ-менеджменттің ауысқаны да хабарланған еді.



