Алматы полициясы Шымбұлақ тау шаңғысы курортындағы мейрамханада орын алған жанжалға қатысты тергеуді аяқтады, деп жазады qandastar.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаны анықтап, олардан жауап алып, істің мән-жайын жан-жақты зерделеген.
Тергеу барысында екі тарап та қақтығыстың эмоциялық күйзеліс салдарынан туындағанын түсіндірді. Қатысушылардың айтуынша, айтылған сөздер мен жасалған әрекеттер сол сәттегі эмоцияның әсерімен орын алған және олардың нақты көзқарасын білдірмейді. Сонымен қатар полиция тарапынан ұсақ физикалық жанжал белгілері анықталған.
Полиция дерегіне сүйенсек, тараптар бір-бірінен кешірім сұрап, татуласқанын және болған жағдайға өкінетінін жеткізді. Олар қоғамды өзара сыйластық сақтауға және даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге үндеді.
Тергеу қорытындысы бойынша қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға берілді. Сот екі адамды да ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 78 640 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.
Полиция отбасылық келіспеушіліктер, қарым-қатынас мәселелері немесе тілдік даулар қоғамдық тәртіптің бұзылуына себеп болмауы тиіс екенін атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, тілдік немесе этникалық сипаттағы жанжалдар қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Шымбұлақтағы мейрамхана маңында қызметкердің тұтынушыға қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартуына байланысты жанжал шыққаны туралы ақпарат тараған болатын.



