Жаңалықтар
Шымкент әкімдігі «Ордабасы» клубы мен қосалқы командаларына тағы 900 млн бөліп отыр
Фото: ашық дереккөз
Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі футболдан кезекті тендер жариялады, деп хабарлады Qandastar.kz.
Тендер сомасы – 892,9 млн теңге. «Футбол командаларын дайындау, олардың жергілікті, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету қызметтерін» орындау мерзімі – 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін.
Техникалық сипаттамада көрсетілгендей, тендердің негізгі мақсаты – Шымкент қаласы командаларының 2024 жылғы маусымда Қазақстан Премьер-Лигасы, Қазақстан Екінші лигасы чемпионаттарында, УЕФА кубоктарында, Қазақстан чемпионатында балалар мен жасөспірімдер командалары арасындағы және халықаралық турнирлерде, сондай-ақ футзалдан 2024-2025 жылғы маусымда Қазақстан чемпионатында сәтті өнер көрсетуі үшін жағдай жасау.
Қазақстан футболының элитасында Шымкенттен тек бір ғана команда – «Ордабасы» клубы өнер көрсетеді. Бір қызығы, ел чемпионатында олардың өткізетін бар болғаны екі-ақ ойыны қалды. Осыдан кейін маусымаралық үзіліс басталады. Ресми халықаралық кездесу өткізу де қарастырылмаған.
Дегенмен, техникалық сипаттамада ақылға қонбайтын ескертулер енгізілген. Мысалы, бөлінген қаржыны әкімшілік және жаттықтырушы персоналды, кәсіби футболшыларды ұстауға (жалақы төлеу, жәрдемақы, спорттық, жаттықтырушылық және әкімшілік персоналдың іссапар шығындары, төрешілер құрамының шығындары және салық төлеу, Қазақстан футбол федерациясы, УЕФА, ФИФА және басқа да уәкілетті органдар тарапынан салынған айыппұлдарды төлеу бойынша шығындар), Қазақстан Премьер-лигасында командалардың сәтті өнер көрсетуі үшін кәсіби футболшыларға, жаттықтырушылар құрамына, әкімшілік-басқару персоналына ынталандыру сыйақыларын төлеу қажет.
Adata.kz ақпаратына сүйенсек, биыл «Ордабасы кәсіпқой футбол клубы» АҚ Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасымен жалпы сомасы 5,3 млрд теңгені құрайтын 5 келісімшарт жасасты. Бұл биылғы маусымда қаланың спорт қажеттіліктеріне жұмсалған барлық бюджет қаражатының 87,1 пайызын құрайды.
«Ордабасы кәсіпқой футбол клубының» 2024 жылы жеңіп алған тендерлер тізімі төмендегідей:
1 млрд теңге – футбол командаларын дайындау және олардың жергілікті, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету қызметтері.
1,2 млрд теңге – Шымкент қаласының негізгі футбол құрамын дайындау және олардың 2024 жылғы УЕФА Еуропа Лигасы мен УЕФА Конференциялар Лигасына қатысуын қамтамасыз ету қызметтері.
1,2 млрд теңге – футбол командаларын дайындау және олардың жергілікті, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету қызметтері.
1,2 млрд теңге – футбол командаларын дайындау және олардың жергілікті, республикалық жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету қызметтері.
700 млн теңге – Шымкент қаласының футзал командаларын дайындау және олардың жергілікті, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету қызметтері.