
Фото: ашық дереккөз
Астана қаласында өткен баспасөз жиынында «Оңтүстік Мұнайгаз» компаниясының экс-директоры Андрей Шилковтың жұбайы Елена Шилкова күйеуіне қарсы жүргізіліп жатқан іс бойынша өз алаңдаушылығын білдірді, деп жазды qandastar.kz
Оның айтуынша, кәсіпорын заңсыз жолмен тартып алынбақ.
Елена Шилкова өз сөзінде күйеуіне қарсы қозғалған қылмыстық істің артында бизнеске көз тіккен әріптестердің тұрғанын мәлімдеді. Ол бұл процестің құқық қорғау органдарының атын жамылған рейдерлік әрекет екенін алға тартты.
«Компанияны тартып алу әрекеті Бас прокуратураның атын пайдаланып іске асып жатыр. Бізді ешкім естімей отыр, сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамға үндеу жасауға мәжбүрміз», – деді ол.
Андрей Шилков 2012 жылдан бастап «Оңтүстік Мұнайгаз» компаниясын басқарған. Елена Шилкованың айтуынша, күйеуі өзіне сенімді адамдармен жұмыс істеп, олардың кейбірін құрылтайшылар қатарына енгізіп, үлестің жартысын берген. Бірақ кейін олар компаниядағы үлестерін өз әйелдерінің атына жазып, жалған құжаттар арқылы кәсіпорынды басып алған көрінеді.
«Олар Андрейге сенім артқанын пайдаланып, жалған хаттамалар жасап, оны заңсыз түрде басшылықтан шеттетіп, қылмыстық іс қозғатуға қол жеткізген. Бұл – классикалық рейдерлік басып алу схемасы», – дейді адвокат Темірхан Нұрханов.
Адвокаттың айтуынша, 2024 жылдың қыркүйегінде Андрей Шилков іссапарда жүргенде, оның келісімінсіз компанияға аудит жүргізіліп, басқару құрылымы өзгертілген. Бухгалтерлік құжаттар да ешқандай актісіз әкетілген. Ал 2025 жылдың мамыр айында сот сараптамасы бұл құжаттардың жалған екенін дәлелдеген.
Компанияға қатысты акционерлер жиналысының жалған хаттамалары дайындалып, нәтижесінде директорлар кеңесі мен президент лауазымына басқа адамдар бекітілген. Осы құжаттар негізінде жүргізілген салықтық тексеру нәтижесінде кәсіпорынға 239 миллион теңге қосымша салық салынған. Алайда аффилиирленген тұлғалармен жасалған күмәнді мәмілелер назардан тыс қалған.
Баспасөз жиыны барысында Елена Шилкова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас прокурор Берік Асыловқа және Ресейдің Сыртқы істер министрлігіне жүгініп, 1963 жылғы Вена конвенциясы аясында дипломатиялық көмек көрсетуді сұрады.
«Біздің арыз-шағымдарымыз тіркелмей жатыр. Тергеу біржақты жүргізілді. Сот та үнсіз. Күйеуімді қудалауды доғарып, меншік иесі ретіндегі құқықтарын қалпына келтіруді талап етеміз», – деді ол.
Қазіргі уақытта Андрей Шилковқа қатысты алдын ала сот тыңдауы өтіп жатыр. Қорғау тарапы тергеу барысындағы заң бұзушылықтарды алға тартып, істі қайта қарауды сұраған. Дегенмен, сот әзірге бұл өтінішті қанағаттандырмаған.
«Оңтүстік Мұнайгаз» – аймақтық деңгейдегі ірі кәсіпорын. Онда мыңнан астам адам жұмыс істейді, ал жұмысшыларға төленген жалақы сомасы 13 миллиард теңгеден асып отыр. Компания мұнай кен орындарын барлау және бұрғылау жұмыстарымен айналысады.