Жаңалықтар

Шымкентте 26 жастағы келіншекті азаптап өлтірген 11-сынып оқушысына қатысты сот басталды

Шымкентте 26 жастағы келіншекті қатыгездікпен өлтіріп, денесін жасыруға тырысқан 16 жастағы оқушының ісі сотта қарала бастады, деп хабарлады qandastar.kz.

Тергеу мәліметінше, Түркістан облысынан жазғы демалыста жұмыс істеуге келген жасөспірім жөндеу жүріп жатқан үйде жалғыз қалған кезде тазалаушы Диана Оңғарбаеваны шақыртқан. Әйел жұмысын аяқтаған соң еңбекақысын сұрағанда, айыпталушы оған бірнеше рет пышақ сұққан. Келіншек оқиға орнында көз жұмған.

Прокурордың айтуынша, жасөспірім қылмыстан кейін марқұмның телефонын иемденіп, мәйітін полиэтилен пакетке орап, қоқыс жәшігінің қасына апарып тастаған.

Диананың туыстары оны он күн бойы іздеген. Тек он бірінші күні қоқыс жәшігінің жанынан мәйітін тазалық қызметінің жұмысшылары тауып алған.

Марқұмның анасы Қарлығаш Оңғарбаева полицейлердің салғырттығына наразы.

«Біз күн-түн демей іздедік. Егер тәртіп сақшылары уақытында әрекет етсе, мұндай сұмдық болмас еді», – дейді ол.

Кәмелетке толмаған айыпталушыға үш бап бойынша айып тағылған: адам өлтіру, мәйітті қорлау, бөтеннің мүлкін иемдену. Қазіргі таңда сот процесі жалғасып жатыр.

Back to top button