Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында орын тапшылығына байланысты науқас балалармен келген аналар дәлізде түнеп жүр. Бұл туралы бейнежазба әлеуметтік желіде тараған, деп жазады qandastar.kz.
Кадрларда балалар бөлімінде адамдардың дәліз бойына төселген матрастарда жатқаны көрінеді. Тұрғындар миллион тұрғыны бар қалада заманауи инфекциялық аурухана жоқ екенін сынға алды.
Мекеме 40 жылдан астам бұрын салынған, небәрі 360 орынға арналған. Жөндеу жүргізілгенімен, науқастар жағдайдың әлі де нашар екенін айтады.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы балалар бөлімшесінде адам көп екенін растады. Ведомство өкілдері дәлізде жатқандарды уақытша шара деп түсіндірді. Ал Шымкент әкімдігі жағдайды күрделі жөндеу жұмыстарымен байланысты деп отыр. Ауруханадағы 10 бөлімшенің сегізі тәулік бойы жұмыс істеп, аса жұқпалы ауруларға көмек көрсетеді.
«Науқастар көп түскен кезде дәлізге орналастыруға рұқсат етіледі. Барлық науқастар дәрігерлердің бақылауында», – деп хабарлады әкімдік.