Жаңалықтар

Шымкентте ер Шымкентте кәмелетке толмаған қызға қатысты зорлық-зомбылық орын алды (ВИДЕО)

Шымкентте ер адам кәмелетке толмаған қызды өз еркінен тыс алып қашқан. Бұл туралы жәбірленуші мәлімдеді, деп жазады qandastar.kz 

EGov.press телеграм арнасы ұсынған мәліметке сүйенсек, Шымкент қаласының 17 жастағы тұрғыны өзіне қатысты ауыр қылмыс жасалғанын мәлімдеген. Айтуынша, өзін бұрын-соңды көрмеген ер адам бірнеше серігімен жол бойынан күштеп көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып қашқан.

Мүлдем танымайтын ер адам алып қашты. Кейін оның мақсатын түсіндім, мені әйел қылып алмақ болған. Артынша мені Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына алып барғанын білдім. Үйге кірген кезде олардың туыстары мен жеңгелері орамалдарын ала жүгіріп, балалары отшашу атып жатты. Алып қашу сәтін камераға түсіріп жүрген адамдар да көп болды. Сол кезде бұл әрекеттің алдын ала жоспарланғанын түсіндім, – дейді ол.

Жәбірленушінің айтуынша, күдіктілер оның кәмелетке толмағанын және сол сәтте ата-анасының жанында болмағанын біле тұра, жағдайды әдейі ұйымдастырған. Ол бірнеше рет өз жасын айтып, ата-анасына хабарласу қажеттігін талап еткеніне қарамастан, күдіктілер күш қолдану арқылы өз үйлеріне кіргізген.

Оқиға барысында жәбірленушінің телефоны тартып алынып, оны өз еркімен барғанын, ешқандай мәжбүрлеу болмағанын растайтын қолхат жаздыруға әрекет жасалған. Қолхаттан бас тартқан соң, оған қысым күшейіп, жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Сонымен қатар күдіктілер оның айтқандарына көнбеген жағдайда қамауда ұстайтынын айтып қорқытқан.

Жәбірленушіге жасалған бұл әрекеттер «дәстүр», «қазақы салт» деген желеумен ақталуға тырысқан. Оған әрі қарай оқуын жалғастыруға тыйым салынатыны, бұл үйден шықпайтыны айтылған. Ал болған оқиғадан кейін оның жағдайы мен психологиялық күйіне ешкім назар аудармаған.

Жәбірленуші қысқа уақыттан соң күдіктілердің үйінен қашып шығып, жақындарының жанына барған. Қазіргі таңда анасы мен бауырларының қасында екенін, өзіне тікелей қауіп төніп тұрмағанын айтады. Алайда, осы оқиғаға қатысы бар барлық адамның заң алдында жауап беруін талап етеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button