Шымкент қаласында 7 жастағы оқушының мұғалімге қатысты шағымынан кейін қылмыстық іс тіркелді. Бұл ақпаратты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап Qandastar.kz сайты жариялады.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қаладағы мектептердің бірінде орын алған оқиғадан соң қыз балаға психологиялық қолдау көрсетілуде.
Ведомство өкілдері 2024 жылдан бастап кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жауапкершілік күшейтілгенін атап өтті. Заңнамаға сәйкес, балаларға физикалық немесе психологиялық қысым көрсеткен тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, сабақ барысында мұғалім кішкентай қызға қатысты әдепсіз әрекет жасағаны айтылған. Оқушының анасының сөзінше, педагог баланы тізесіне отырғызуға мәжбүрлеп, қарсылығына қарамастан жібермеген. Қыз орнынан тұруға тырысқанда, мұғалім оның қолынан ұстап, орынсыз әрекетке барған.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


