
Шымкент қаласында түрме қызметкерлері қамауға алынды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі мәлім етті.
Шымкент қаласы бойынша өңірлік өкіл Нұржан Әбдезов сотталғандардың бірін жеке қабылдады.
«Оның айтуынша, 2025 жылғы маусым айында мекеме қызметкерлері қолына кісен салып, оны ұрып-соғып, темір торға іліп, 4 сағат бойы асулы күйде қалдырған, сондай-ақ аяқ киімін шешіп, табанынан шоқпармен ұрған», — делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар қабылдау барысында тағы бір сотталғанның соққыға жығылып, оның жақ сүйегінің сынғаны анықталды.
Аталған жағдайлар бойынша өңірлік өкіл тарапынан жедел түрде тиісті әрекет ету шаралары қабылданды.
Нәтижесінде медициналық көмекті уақтылы көрсетпегені үшін медицина қызметкерлері жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ мекеме қызметкерлеріне қатысты ҚК-тің 362-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді.
Құқық қорғау институты мекеме қызметкерлерінің әрекеттерінде азаптау белгілерінің болуына байланысты олардың әрекеттерін қайта қарау жөнінде жоғары қадағалау органына жүгінді.
Мекеменің үш қызметкері қамауға алынды.



