Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімде 21 жастағы сарбаз көз жұмды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сарбаз мерзімді қызметке Жамбыл облысынан шақыртылған.
«Әскери қызметші әскерге келген алғашқы күндерінен бастап бірнеше рет медициналық қызметкерлерге жүгінген. Бақылауда болған және Шымкент қаласының медициналық мекемелерінде тексеруден өткен», — делінген мәлімдемеде.
6 қаңтарда мерзімді қызметтегі әскери қызметшінің жүрегі кенеттен тоқтады.
Жүргізілген реанимациялық іс-шараларға қарамастан, ол қалалық ауруханада көз жұмды.
Алдын ала диагноз — «жедел лейкоз».
Аталған факт бойынша әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады.
Жағдай Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының жеке бақылауында.
Ұлттық ұланның қолбасшылығы мен жеке құрамы орны толмас қайғыға байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады.



