Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде адам өлтіру және бұзақылық қылмыстарына қатысы бар күдікті төрт ер адам анықталып, қолға түсті, деп жазады qandastar.kz сайты.
Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр.
2026 жылғы 20 қаңтарда 40 жастағы ер адам пышақ жарақаттарынан көз жұмды, тағы бір азамат ауруханаға жеткізілді.
Аталған жайт бойынша «адам өлтіру», «бұзақылық» және «адамды ұрлау» баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерді анықтап, ұстау мақсатында Полиция департаментінің барлық күштері мен құралдары жұмылдырылды. Қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, – делінген қалалық Полиция департаментінің хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін Шымкентте жол апаты жаппай төбелеске ұласып, бір адам қаза тапқаны, кейіннен бір топ жігіт мәйітті аурухананың жанына тастап кеткені және жараланған тағы бір адам ауыр халде жатқаны туралы жазған болатынбыз.



