Жаңалықтар

Шымкенттегі перзентханада сәби көз жұмды: Дәрігерлердің әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалды (ВИДЕО)

Шымкентте сәби өліміне қатысты жанжал шықты. Отбасы дәрігерлерді немқұрайдылыққа айыптап отыр, деп хабарлайды qandastar.kz сайты Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Шымкент қаласының тұрғыны Назерке Пірімбетова босануға небәрі бірнеше күн қалғанда баласынан айырылды. Жас ана мен оның туыстары бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді деп санайды. Олардың айтуынша, дер кезінде кесар тілігі жасалмаған.

Белгілі болғандай, әйел №2 қалалық ауруханаға алдын ала жатқызылған. Туыстарының сөзінше, ол бөлімшеде бір айдан астам уақыт жатқан, жағдайы нашарлағанын бірнеше рет айтқанымен, дәрігерлер тек «күту керек» деп жауап берген.

Марқұм баланың әкесі Абай Бердібек те медициналық көмектің дер кезінде көрсетілмегенін айтады:

Оны 5-6 рет тексерді, КТ жақсы емес екені анық көрінді. Түнде тынышсызданатын. Мұның бәрін дәрігерлерге айттық, бірақ ешқандай шара қолданбады. Нәтижесінде баламыздан айырылдық, – дейді ол.

Отбасының айтуынша, сәби шетінеген соң, аурухана өкілдері нақты түсіндірме бермей, жауапкершілікті басқа себептерге жүктеуге тырысқан. Тіпті, жақындарына журналистерге сөйлеспеуді сұраған көрінеді.

Марқұмның ағасы Асанәлі Пірімбетов:

Палатаға кірсем, бірнеше дәрігер, басшылық және тіпті, тергеуші жиналып алып, баланы моргқа бермеуге үгіттеп отыр. Менің ойымша, олар тексерісті болдырмауға тырысты, – дейді.

Қазір бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сәбидің денесі, плацента мен кіндігі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.

Ал қалалық денсаулық сақтау басқармасы кесар тілігі жоспарланғанын, алайда плацентадағы қиындық салдарынан 3-4 желтоқсанға қараған түні антенатальды өлім орын алғанын мәлімдеді.

Оқиғадан кейін ведомство ішкі бақылауды күшейткен. Комитет медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті тексеріс жүргізуде.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button