Жаңалықтар
Шымкенттік шенеуніктер кәсіпкерлерді базарға күштеп көшірмек пе?
Фото: Егемен Қазақстан
Шымкентте ашуға булыққан елуден астам кәсіпкер әкімдікте шу шығарды. Қала ішінде құм мен шағал тас сататын ер адамдар жауаптылар жұмыс істеуге мұрша бермей жатыр деп ашынады. Жыл басында жиналған жұртқа жаңа базарға көшу жайлы ақпарат айтылған екен. Бірақ аталған орталықтар сауда жасауға дайын болмады дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Бұлар бізге негізі 7 ай бердік дейді. Ешқандай уақыт берілген жоқ. Өздерінің қала сыртындағы базары дайын болған жоқ. Бізге баста айтылғаны қаладағы құм-тастарыңды азайтып, шет-шетін қоршап, тазалықты ұстап, жаңа базарға құмдарды үйіңдер деген. Сол кезде істейсіңдер деп талап қойды. Біз оны да істедік. Тыныштық берсін деп клиент келмесе де жүк көліктерімен тауар тасыдық. Енді келіп, сөздерінен айнып отыр. Уәде бергесін орындау керек қой»,- дейді кәсіпкер Арысбай Қамытбеков.
Шымкент қаласының ішінде құм мен шағалтас сататын жиырмадан астам орын бар. Бәрі де жер үйлер орналасқан учаске аумағында жұмыс істейді. Қаланың әр бұрышындағы мұндай нүктелерден күніне отыз шақты жүк көлігінің жүргізушілері құрылыс заттарын әкетіп сатады. Нәпақамызды адал еңбекпен тауып жатырмыз деген жұмысшылар екі күн бұрын әкімдік өкілдері келіп қиыршықтың бәрін қопарып кеткенін айтады.
«Екі күн бұрын ғана тәртіп сақшыларымен бірге келіп, тұрған шағал тас мен құмдарды жүк көлігімен жаншып кетті. Алты жүз мың теңгенің заты араласып, жарамсыз болып қалды. Енді ол ақшаны кім өндіріп береді? Кімнен көмек сұраймыз? Халықтың арқасүйер адамдарының өзі осылай жасап жатса қайда барарыңды да білмей қалады екенсің»,- дейді жиырма жылдан бері құрылыс затын сатуды кәсіпке айналдырған Аужанғали Медетбеков.
Содан бері құрылыс заттарын сататын кәсіпкерлерден маза қашқан. Онсыз да күн сайын салынатын айппұлға ет үйренді деген көршілік билік өкілдері қыспаққа алмай жұмыс істеуге мұрша берсін дейді.
«Бізге мұндай шабуыл жасайтын болса, маусым басында жасау керек еді. Бізде сауда жылдың бір-ақ мезгілінде болады. Ол жаз. Қазір не соңы емес, не басы емес. «Қаланың көркін кетірмеу үшін қоршау салыңдар» деді. Оны да істедік. Енді не керек? Түсінбейміз», – дейді кәсіпкерлер.
Алайда, кәсіпкерлер базынасына жергілікті жауаптылар тіпті басқаша көзқараста. Сөздерінше, қала ішінде құм мен қиыршық тас сату бюджет қаржысына салынған жолдың тоз-тозын шығаруға әкеледі. Сондықтан кәсіп иелерінің бәрі қала сыртында дайын тұрған базарларға көшу керек дейді.
«Қаланың көшелері бюджеттің қаржысына салынғаннан кейін құм жай ғана арбамен келмейді. Үлкен мәшиналармен келеді. Белгіленген мұлшерден тыс артық жүк артып келгеннен кейін қалада көшелерінің бұзылуына және тозуына әкеп соғуда. Бұл мәселені олар ескермейді. Тек қана өз жағдайын ойлайды. Тек қана өз пайдасын ойлайды», – дейді Шымкент қаласының кәсіпкерлікті және индустриялдық иновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаев.
Айта кету керек, қазір кәсіп иелерінің бәрі өздері сатып алғн жер учаскелерінде сауда жасап жатыр. Ол қаланың әр түкпірінде орналасқан.