Шымкент қаласында жергілікті тұрғын контрафактілі кофе өнімін заңсыз дайындап, саудаға шығарғаны анықталды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі gazizaraimbeknews парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тексеру барысында ер адамның «MacCoffee» 3/1 ерітінді кофе өнімін өз гаражында, антисанитарлық жағдайда дайындағаны белгілі болды. Ол күмәнді сападағы шикізатты қаппен сатып алып, дайын өнімді терможапсыру құрылғысы арқылы қаптап, бөтен тауар белгісін заңсыз пайдаланған.
Заңсыз өндіріс орнына жүргізілген жедел тексеру кезінде дайын кофе 3/1 өнімін өлшеп, қаптауға арналған құрал-жабдықтар, соның ішінде терможапсыру құрылғысы, таразы және қаптамалар тәркіленді. Сонымен қатар «MacCoffee» 3/1 тауар белгісі бар 4 мыңнан астам қаптама анықталып, айналымнан алынды.
Контрафактілі өнім қаладағы шағын дүкендер мен сауда нүктелері арқылы сатылған. Әділет министрлігінің мәліметінше, құқық иесі тәркіленген өнімнің жалған екенін растаған. Сондай-ақ аталған өнім сапа стандарттарына сай келмейді және тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.
Аталған факті бойынша азаматқа қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабы — «Бөтен тауар белгісін заңсыз пайдалану» бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Тексеру материалдары сотқа жолданып, тиісті шешім қабылданатын болады.



