Жаңалықтар
Шыңғыс Мұқан Ақтаудағы әуе апатына қатысты пікір білдірді
Фото: ашық дереккөз
Экс-шенеунік, журналист әрі қоғам белсендісі Шыңғыс Мұқанның пайымдауынша кез келген ұшақ апаты кездейсоқ болмайды, деп хабарлайды qandastar.kz
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.
Оның жазуынша, Грузия мен Әзірбайжанның шекарасындағы жемқорлық сұмдық екен
«Әуе апаты кездейсоқ болмайды. Естеріңізде болса, қайбір жылы Бакуден ұшып шыққан бір ұшақ құлады. Жамбылдан екі жас болды: ия қыз бен жігіт, ия ерлі-зайыптылар. Кейін оларға ескерткіш қойды. Зерттей келе, ұшаққа шамадан тыс жүк артылған екен. Сол трагедиядан соң, Тблисиден Бакуге көлікпен, Бакуден Атырауға (сол кезде сондай рейс болды) ұштым.
Грузия мен Әзірбайжанның шекарасындағы жемқорлық сұмдық екен. Түнімен тұрдық. Ең соңында күзетшіге дейін пара беріп, шекарадан әрең өттік.
Жолдағы полиция да қасқыр екен. Жолдың бәріне тұзақ құрып тастаған. Ұстап алады да ақша сұрайды. Содан, әуежайға әрең жеттім. Билет алып үлгермегем. Ұшақ жарты сағаттан соң ұшады. Әуежайға кірберісте «Мимино» фильміндегі бас кейіпкер сияқты көрінген еңселі кісі: «Дорогой, куда летишь?» деп қарсы алды.
«В Атырау» деп едім, билет бағасынан екі есе көп ақша айтты. Берсем, ұшаққа салып жіберем деп уәде етті. Бердім.
Жарты сағаттың ішінде билет те, отырғызатын талон да алдық, тексеріс пен кеденнен де өттік. Ұшаққа кіріп келсем, басқа жолаушылар көздері мөлейіп мені күтіп отыр.
Бұл 2010 жыл еді. Одан соң жағдай өзгерді деп үміт етемін. Өзгермесе, авиация саласы бармақ басты, көз қыстыны кешірмейді.
Скотчпен желімдеп ұшып жүре беретін Bek Air не болды соңында? 5 жыл бұрын дәл осындай кезде Алматының түбінде құлады.
Scat құлады осыдан 11 жыл бұрын. Ұшқыштар демалыс көрмей, қырағылығын жоғалтыпты. Айтпақшы, ол да қыста құлады.
Сондықтан, әуе апаты кездейсоқ болмайды.
«Швейцария ірімшігі теориясы» (Swiss cheese model — Эффект швейцарского сыра) дегенді оқып көрсеңіз, менің ойымды түсінесіз», – деп жазды Шыңғыс Мұқан.