Ведомствоның ресми өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, соңғы уақытта визасыз режим талаптарын бұзған қазақстандықтардың Малайзияға кіруіне рұқсат берілмейтін жағдайлар көбейген. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Оның мәліметінше, Қазақстан азаматтары Малайзияға туристік немесе қысқа мерзімді қызметтік сапармен барған кезде 30 күнге дейін визасыз жүре алады. Алайда кейбір азаматтар бұл мүмкіндікті елде ұзақ уақыт қалу немесе оқу, емделу секілді басқа мақсаттарға пайдаланып жүр.
СІМ өкілі мұндай жағдайда кең тараған тәсілдің бірі – «визаран» (visa run) екенін айтты. Бұл әдісте адам көрші мемлекетке қысқа уақытқа шығып, кейін Малайзияға қайта кіріп, визасыз болу мерзімін қайта бастауға тырысады. Алайда Малайзия билігі мұны иммиграциялық талаптарды айналып өту әрекеті ретінде бағалайды.
Жанболат Үсеновтің сөзінше, мұндай әрекет елге қайта кіруге кепілдік бермейді. Керісінше, азамат паспорттық бақылау кезінде ұсталып, уақытша ұстау орталығына жеткізілуі, кейін депортациялануы мүмкін.
СІМ мәліметінше, биыл Малайзияның иммиграциялық қызметі шекаралық бақылауды күшейткен. Сондықтан қазақстандықтарға визасыз режимнің барлық талаптарын қатаң сақтау ұсынылады.
Министрлік сапар алдында иммиграциялық ережелерді мұқият зерделеуге, шекарадан өткен кезде сапардың нақты мақсатын көрсетуге және елден шығатын күні көрсетілген кері әуе билетін өзімен бірге алып жүруге кеңес береді. Сонымен қатар қонақүйді брондау, тұратын мекенжай, сапар мақсаты мен болу мерзімін растайтын құжаттардың болуы да маңызды.
Сыртқы істер министрлігі әсіресе балаларымен бірге тіл үйрену немесе басқа да білім беру бағдарламаларына қатысу үшін Малайзияға баратын азаматтарға ерекше назар аударды. Мұндай жағдайларда арнайы рұқсат немесе тиісті виза қажет болуы мүмкін болғандықтан, барлық талаптарды алдын ала нақтылап алған жөн.



