Мәдениет

«Сіз ажырастырдыңыз дейді»: Қайрат Нұртастың экс-директоры бар шындықты айтып берді

Фото: скриншот

Қайрат Нұртаспен 16 жыл бірге жұмыс істеген Мира Келімбетова өзіне қатысты қауесетке нүкте қойды. Қазақ эстрадасында ойып орын алған әншінің бұрынғы директоры Айдарбековтер әулетіне алғысын білдіріп, не себепті жұмысын тоқтатқанын түсіндірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Мира Келімбетова өз мансабына қатысты YouTube желісінде Асмира Ермекқызына берген сұқбатында баяндап берді. Ол әңгіме барысында жұмыстан кетуіне жеке өмірі себеп болғанын алға тартты.

«Жеке өмірімде бір жағдай болды, мен оны айта алмаймын. Қазір сол жағдайға рақмет деймін, өйткені мені оятқан сол. Өмірімде сондай жағдай болып жатқан соң Қайратпен жұмысты тоқтатамын деген шешім шығарып, өзім кеттім. Ол жерде ақшаның еш қатысы жоқ. Өзімді танығым келді, өзіммен айналысқым келді.

«Мұндай жағдай өмірімде бекерден-бекер болған жоқ. Құдай маған бірнәрсе түсіндіргісі, үйреткісі келіп тұр. Мен соны түсінуім керек, білуім керек» деген шешім шығардым. Ешкімнің ешқандай кінәсі жоқ», — деді ол.

Осы тұста Мира Келімбетова Айдарбековтер әулетіне алғыс айтуды ұмытқан жоқ.

«Ол кісілерге шын жүрегіммен алғысымды айтамын. Қайратқа да, Гүлекеңе де, Нұрекеңе де, бәріне алғыс. Өмірімнің жаңа деңгейге шығуы үшін сол ортада, сол отбасында, шоу-бизнес саласында жүргеніме рақмет айтамын. Қайрат маған рақмет айтты. Ол әлі күнге дейін «Қалың қалай? Бәрі дұрыс па?» деп жазып тұрады. Бауыр сияқты болып кеткенбіз. Мен оған дос ретінде, замандас ретінде әрдайым тілекшімін», — деді ол.

Әншінің экс-директоры өзіне Қайрат Нұртастың жеке өміріне қатысты хаттар келетінін де жасырмады.

«Жұрт неше түрліні ойлап табады. Маған «Заңғар мен Жібекті ажырастырған сіз екенсіз», «Қайрат пен Жұлдызды сіз ажырастырыпсыз» деп жазған. Мен біреу мен біреуді ажырастыратын Құдаймын ба?», — деді ол.

Қазір Мира Келімбетова шоу-бизнестен алшақтап, басқа салаға бет бұрған.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close