Жаңалықтар

«СК-Фармация» жанжалы: дәрі бағасын қымбаттатқан схемалар әшкереленді

Қазақстанның дәрі-дәрмек дистрибьюторы «СК-Фармация» компаниясы төңірегінде ірі жемқорлық жанжалы туындады. Мемлекеттік аудит пен депутаттық тексерулер нәтижесінде компания мен оған қатысы бар бірнеше фирманың дәрі бағасын қолдан қымбаттатып, бәсекесіз тендерлер арқылы миллиардтаған теңге ұрлағаны анықталды деп хабарлады Qandastar.kz

Тексеру дерегіне сай, мемлекетке келтірілген шығын көлемі 35,8 млрд теңгеден асады. Кейбір препараттар нарық бағасынан 600%-ке дейін қымбат сатып алынған. Мысалы, зауыттағы бағасы 28 теңге болатын аспиринді «СК-Фармация» 76 теңгеден алған. Сонымен қатар, тендерлердің жартысынан астамы жалғыз қатысушымен өткен, бұл картельдік келісімдердің бар екенін көрсетеді.

Құқық қорғау органдары компания мен онымен байланысы бар делдал фирмаларға қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Антикор кейбір компаниялардың шетелдік дәрілерді өз өніміндей етіп қайта қаптап өткізгенін растады.

Бұл жағдайдың кесірінен 160-тан астам өмірлік маңызы бар дәрі емханаларға уақытылы жетпей, мыңдаған науқас зардап шеккен. Ал қоймаларда миллиардтаған теңгенің дәрілері жарамдылық мерзімі өтіп, жойылған.

Қазір Бас прокуратура мен Үкімет «СК-Фармацияның» болашағын қайта қарастырып жатыр. Компания басшысы қызметінен алынып, жүйені реформалау мәселесі талқылануда. Сарапшылардың пікірінше, бұл құрылымды толық таратып, дәрі-дәрмек сатып алу процесін ашық және аймақтық деңгейге көшіру қажет.

Back to top button