Солтүстік Қазақстан облысындағы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда тұрғындарды мас ер адамның әрекеті шошытты. Оқиға Новоишим ауылында болған, деп хабарлайды qandastar.kz.
Алдын ала мәліметке сай, 41 жастағы ауыл тұрғыны ішімдік ішіп алып, өзіне пышақ жарақатын салып, жартылай жалаңаш күйде көшеге жүгірген. Куәгерлер оның түсініксіз сөздер айтып, айқайлағанын жеткізген.
Полиция оқиға орнына дереу жетіп, ер адамды ұстады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, ол қарсылық көрсетпеген, бірақ өзін ұстай алмай, «ішіне жын кіргенін» айтып айқайлаған.
Полиция департаменті оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді.
«Тексеру нәтижесінде ер адамның жарақаты өз әрекетінен болғаны анықталды. Ол алкогольдік масаң күйде болған. Полицейлер медициналық көмек көрсету үшін жедел түрде ауруханаға жеткізді. Материал тіркеліп, номенклатуралық істер тізіміне енгізілді», — делінген ресми хабарламада.
Қазіргі таңда ер адамның жағдайын дәрігерлер тексеріп жатыр. Оқиға бойынша тергеу шаралары жалғасуда.



