Экономика және бизнес

СҚО-да заңсыз несие беру және алаяқтық дерегі бойынша тергеу аяқталды

Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз кәсіпкерлік және алаяқтық фактілері бойынша жүргізілген тергеу аяқталды. Күдікті лицензиясыз пайызбен қарыз беріп, азаматтарға қысым көрсеткен және бір қарызды екі рет өндіріп алуға әрекет жасаған. Іс сотқа жолданды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік, бопсалау және алаяқтық деректері бойынша тергеу жұмыстарын аяқтады, деп хабарлайды Tengrinews.kz дерегіне сүйенген Qandastar.kz сайты.

Анықталған мәліметтерге сәйкес, күдікті 2013 жылдан 2025 жылға дейін тиісті лицензиясыз жеке және заңды тұлғаларға мүлік кепілдігімен пайыздық негізде жүйелі түрде қарыз беріп келген. Құжаттарда нақты берілген қаражаттан едәуір жоғары сома көрсетіліп, оған алдын ала есептелген сыйақы қосу арқылы мәмілелерге заңды сипат беруге әрекет жасалған.

«Қарыздар бойынша ай сайынғы сыйақы мөлшері қарыз сомасының 5–10 пайызын құраған, бұл жылдық есеппен 60–120 пайызға тең. Сондай-ақ қарызды жасыру және оның қайтарылуын қамтамасыз ету мақсатында мүлікті сатып алу-сату туралы жалған шарттар рәсімделген. Заңсыз қызметтен түскен қылмыстық табыс 1,8 миллиард теңгеден асты», — делінген хабарламада.

Тергеу барысында күдіктінің әрекетінен азаматтардың зардап шеккені белгілі болды. Қаржылай көмекке мұқтаж адамдар жоғары пайыздық міндеттемелер мен мүлкінен айырылу қаупіне тап болған. Сонымен қатар ол қарыз алушыларға ақша немесе жылжымайтын мүлік беруге мәжбүрлеу мақсатында қысым жасап, жүйелі түрде күш қолданған және психологиялық әсер ету тәсілдерін пайдаланған.

Бұдан бөлек, сотқа жүгіну арқылы 11 млн теңге көлеміндегі бір қарызды әртүрлі құжаттарға сүйене отырып екі рет өндіріп алуға әрекет жасалған. Бұл ретте міндеттеменің толық орындалғаны туралы деректер сотқа ұсынылмаған.

«Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған жалпы құны 1,1 миллиард теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Тыйым салынған мүліктің қатарында 2 пәтер, 2 тұрғын үй, жер телімі, сондай-ақ LAND ROVER RANGE ROVER және HYUNDAI STARIA автокөліктері бар», — делінген ҚМА хабарламасында.

Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сот қарауына жіберілді.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button