Әлем жаңалықтары
«Соғысты тоқтату туралы келісімге келдік»: Трамп Путинмен шұғыл келіссөз жүргізбек

Фото:Brandon Bell /Кремль
АҚШ президенті Дональд Трамп Путинмен жарты сағаттай сөйлесіп, кейін Украина президенті Владимир Зеленскийге қоңырау шалды. Ресей президентімен әңгімеден кейін Трамп екі тарап шұғыл түрде келіссөз жүргізетінін айтты. Бұл туралы qandastar.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Дональд Трамп Путинмен арадағы әңгіме ұзақ әрі нәтижелі болғанын айтады.
“Қазір ғана Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы ұзақ әрі нәтижелі әңгіме жүргіздік. Біз Украина, Таяу Шығыс, энергетика, жасанды интеллект, “доллардың күші” және басқа да көптеген тақырыптарды талқыладық. Бірақ ең әуелі екеуміз Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату туралы келісімге келдік. Екі тарап шұғыл келіссөз жүргізуге дайындалып жатыр”, – дейді Трамп.
Көп ұзамай Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков екі президент арасындағы әңгімені растады. Сондай-ақ оның айтуынша, Трамп пен Путин қатар тұтқындар алмасуын, Иранның ядролық бағдарламасы және Ресей мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты талқыға салған.
Дмитрий Песков Путин Трамптың келіссөз туралы ұсынысына қатысты қақтығыстың түпкі себептерін жойып, бейбіт келіссөздер арқылы ұзақ мерзімді реттеуге қол жеткізуге болатын айтты.
Кремль Путиннің Ресейде америкалық шенеуніктерді, оның ішінде Украинамен айналысатындарды қабылдауға дайын екендігін жеткізді. Алайда Песков келіссөздердің жақын арада басталуы мүмкін екенін айтқан жоқ.
Америкалық тараптан келіссөздерді мемлекеттік хатшы Марко Рубио, Орталық барлау басқармасының директоры Джон Рэтклифф, Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Уолц және арнайы өкіл Стив Виткофф жүргізеді.
Путин Трампты Мәскеуге шақырды. Екі ел президенті жеке кездесу ұйымдастыруға және жеке байланыстарды жалғастыруға келісті.
“Мен Ресей президенті Путинге уақыт бөліп, сұхбаттастқаны үшін және кеше кешкісін Ақүйде таныстырған Марк Фогельді босатқаны үшін алғыс айтамын. Біздің күшіміз жақын арада табысты нәтижеге әкеледі деп сенемін”, – дейді АҚШ президенті.
Трамп Путинмен алғашқы кездесуі Сауд Арабиясында өтетінін мәлімдеді.