Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Солтүстік Қазақстанда ер адам пәтерін сатып, ақшаны алаяқтарға беріп жіберген

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер интернет-алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

58 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны шамамен 15,5 млн теңгеден айырылған.

Ер адамға белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін электр энергиясын жеткізуші компанияның қызметкері ретінде таныстырып, «электр есептегішті түзету үшін сізге sms арқылы келген нөмірді айтып жіберіңіз» деп айтқан.

Ер адам төрт таңбалы кодты айтып берген.

Көп ұзамай оған тағы бір адам хабарласып, өзін банктің қауіпсіздік қызметінің маманы ретінде таныстырып, алаяқтар оның атына онлайн-несие рәсімдеуге өтінім бергенін айтып, «бұл несиелерді жою үшін сізбен біздің аға маман жұмыс істейді» деп сендірген.

Кейін алаяқ жәбірленушіні «айна» несиелерді рәсімдеуге және қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген.

Бұдан соң қылмыскерлер ер адамды оның пәтері алаяқтар тарапынан саудаға қойылды деп алдап, мұның алдын алу үшін тұрғын үйді шұғыл түрде өзі сатуы керек екенін айтқан.

Нәтижесінде жәбірленуші бір бөлмелі пәтерін сатып, түскен ақшаны тағы да «қауіпсіз шотқа» аударған.

Алайда бұл қаражат та алаяқтардың қолына түскен.

Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 15,5 миллион теңгені құрады.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қылмысты тергеп, оған қатысы бар адамдарды, соның ішінде ақшаны шетелге шығаруға пайдаланылған «дропперлерді» анықтап жатыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button