Жаңалықтар

Сотталған бұрынғы шенеуніктің ұлы Президент әкімшілігіне қызметке тағайындалды

Президент әкімшілігінің Сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі қызметіне Жандос Бақытбекұлы Иманалиев тағайындалды. Оның әкесі — Бақытбек Иманалиев бір кездері Нұр Отан партиясында болған және Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Сонымен қатар, президент әкімшілігінде, Назарбаевтың жанында жұмыс істеген, деп хабарлады qandastar.kz.

Жандос Иманалиев 2021 жылы Президенттік жастар кадр резервіне енген. Бұл бағдарлама мемлекеттік қызметтегі жаңа буынды қалыптастыру мақсатында құрылған. Сол уақытта Мемлекеттік қызмет істері агенттігін басқарған Анар Жайылғанова резервке жоғары лауазымды шенеуніктердің туыстары қабылданбайтынын, жоба «әлеуметтік лифт» ретінде жұмыс істеуі тиіс екенін айтқан болатын.

Бақытбек Иманалиев 2021 жылы 6,5 миллиард теңге көлеміндегі мемлекеттік мүлікті ысырап етті деген айыппен сегіз жылға бас бостандығынан айырылған еді. Бұл іс қоғамда «тушенка ісі» деген атаумен белгілі болды. Экс-шенеунікке өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды және тұңғыш президенттің қолынан алған барлық марапаттарынан айырылды.

Бір жылдан кейін ол денсаулығына байланысты түрмеден босатылған. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті оның диагнозын жариялаған жоқ, дәрігерлік құпияны алға тартқан.

Back to top button