«МузАрт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев әлеуметтік желідегі парақшасында Нұрлан имаммен бірге отырған сәтінен видео бөлісіп, көпшіліктің қызу талқысына түсті, деп жазады qandastar.kz.
Бейнежазбада өнер иесі Нұрлан имамның алдында сөз алып, адам болмысы, өзгені қабылдау және төзімділік жайлы ойларын ортаға салады. Сонымен қатар ол жазба астында бұл пікірінің маңызын да түсіндіріп өткен.
«Маған сөз берілген соң, Нұрлан имамның алдында ашылып сөйлеп тұрған мен де жүрек жұтқан жігіт екенмін. Элиф Шафактың бір сөзі бар: «Алла тағала барлық адамды бірдей етіп жаратуға да құдіреті жетер еді, алайда Ол әртүрлі болуын қалаған». Сондықтан бір адамды екіншісінен төмен санау — қате. Керісінше, бір-бірімізді толықтырып, жақсы қасиеттерімізді арттырып, кемшілікті жаба білу — адамгершіліктің көрінісі. Айтпағым осы еді», — деп жазды әнші.
Аталған жазба желі қолданушылары арасында әртүрлі пікір туғызды: біреулер әншінің айтқандарын қолдаса, енді біреулер сыни көзқарасын білдірді.
«Қазіргі отырыстарда жасандылық көп»,
«Әніңді айтып жүре берсеңші»,
«Әртістердің сөзі мен ісі үнемі үйлесе бермейді»,
«Нұрлан имамды асыра дәріптеудің қажеті жоқ», — деп жазды пікір қалдырғандар.



