Жаңалықтар
Sport Qory «Барыс» хоккей клубына 2024 жылы 8,5 милииард теңге берген

Фото: Stan.kz
Қазақстан Республикасының туризм және спорт индустриясын қолдау қоры – Sport Qory 2024 жылғы қызметі бойынша қаржылық есебін жариялады, деп жазды qandastar.kz
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Дядя Ваня” Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Құжатқа сәйкес, өткен жылы қордың жалпы кірісі 32,263 миллиард теңгені (шамамен 63,2 миллион АҚШ доллары) құраған.
Бұл соманың негізгі бөлігі – 29 миллиард теңге – демеушілік көмек ретінде түскен. Тағы 1,881 миллиард теңге – лотерея операторының аударымдары, ал 1,312 миллиард теңге – бос қаражатты уақытша орналастырудан түскен табыс болды.
Аталған қаражаттың басым бөлігі – 30,8 миллиард теңге – қазақстандық спортты қолдауға бағытталды. Оның ішінде 21,6 миллиард теңге (42,3 миллион доллар) кәсіби спортқа жұмсалды, бұл жалпы шығынның 70 пайызына жуық. Қалған 9,2 миллиард теңге (18 миллион доллар) бұқаралық және инклюзивті спортқа, сондай-ақ спорт федерациялары мен инфрақұрылымын дамытуға бөлінді.
2024 жылы ең көп қаржылық қолдауға ие болған кәсіби спорт клубтары:
– «Барыс» хоккей клубы – 8,5 миллиард теңге (16,64 миллион доллар)
– XDS Astana Team велокомандасы – 6 миллиард теңге (11,75 миллион доллар)
– «Астана» футбол клубы – 5,3 миллиард теңге (10,38 миллион доллар)
– «Астана» баскетбол клубы – 1,8 миллиард теңге (3,52 миллион доллар)
Сондай-ақ футзалдан «Қайрат» клубы 992,6 миллион теңге (шамамен 2 миллион доллар) көлемінде қолдау алды.
Олимпиадалық спорт түрлеріне 5,5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл бағытта теннис, волейбол, шаңғы жарыстары, су спорты, күрес, бокс, дзюдо, ату спорты және тағы басқа ұлттық федерациялар қаржыландырылды.
Ұлттық спорт түрлеріне, атап айтқанда қазақ күресі, көкпар, тоғызқұмалақ, жамбы ату секілді бағыттарға 1,3 миллиард теңге бөлінді.
Инклюзивті спортқа 548 миллион теңге бағытталды. Бұл қаражат Паралимпиадалық және Сурдлимпиадалық комитеттерге, парадзюдо, параволейбол, паравелоспорт, ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған хоккей және басқа да спорт түрлеріне бөлінді.
Олимпиадалық емес спорт түрлерін қолдауға 477 миллион теңге бөлінді. Қаржыландырылғандар қатарында ММА спортшылары, шахматшы Бибісара Асаубаева, UFC файтері Шавкат Рахмонов бар.
Спорт инфрақұрылымын жабдықтау мен басқа да қосалқы жобаларға 198 миллион теңге, ал бұқаралық спортқа 180 миллион теңге бөлінді. Қолдау алған жобалардың ішінде BAQ League, Қазақстан әуесқой футбол лигасы, су спорты бойынша астана федерациясы және т.б. бар.
Жалпы алғанда, 2024 жылы қор қызметінің басты бағыты – кәсіби спорт клубтарын қолдау болды. Әсіресе хоккей, велоспорт және футбол салалары басымдыққа ие. Қордың негізгі қаржылық көзі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, ол демеушілік көмектің 95 пайызынан астамын қамтамасыз еткен.