Жаңалықтар
«Спорттық мансабын аяқтайды»: Әбибаның ешкімге тіс жарып айтпаған сыры ашылды
Фото: инстаграм @abiba48
Париж Олимпиадасы аясында өтіп жатқан дзюдо бәсекесінде жүлдеге бір табан жете алмай қалған Әбиба Әбужақынованың бапкері Нұрбол Сүлейменов дзюдошының осы уақытқа дейін ешкімге тіс жарып айтпай келгенін жоспары болғанын жеткізді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
«Жеңіліп қалғаннан кейін бір күнге дейін ешкіммен сөйлескен жоқ. Жылай берді. Мен де ештеңе айтпадым, сөйлеспедім. Ондай кезде бірдеме айтудың өзі артық. Ертесі ғана ашуы басылып, өз-өзіне келгеннен кейін ғана сөйлестім. Қазір көңіл-күйі дұрысталып қалды», – деді бапкер.
Әбиба Әбужақынованың бапкері шәкіртінің сырымен бөлісті.
«Әбибаның өзінің осыған дейін ешкімге айтпай келе жатқан жоспары болған. «Егер осы Парижде жүлдеге қол жеткізіп, чемпион болсам, спорттық мансабымды аяқтаймын» деген. Өкінішке қарай, ол жоспары орындалмады. Енді бүгін сөйлессем, «аға, мен бәрі бір, Олимпиада жүлдесін алмай спортпен қоштаспаймын» деді. Негізі Әбиба өте намысшыл қыз. Қайсар қыз», – деді бапкері Нұрбол Сүлейменов.
Еске салайық, бұған дейін Әбибә Әбужақынова әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, елді тәнті еткенін хабарлаған едік.