Стамбулда Жаңа жыл қарсаңында теракт ұйымдастыруға қатысы бар деген күдікпен 115 адам ұсталды. Құқық қорғау органдары ауқымды операция жүргізді, деп жазады qandastar.kz.
Тергеу аясында 137 адамды қамауға алу туралы ордер беріліп, қала бойынша 124 мекенжайда тінту жүргізілді. Күдіктілерден қару-жарақ пен құжаттар тәркіленді.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер Сириядағы қақтығыс аймақтарында жүрген ИГИЛ террористік ұйымының мүшелері мен олардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетуді бақылау барысында анықталған.
Түркияның Бас прокуратурасы ұсталғандардың Рождество және Жаңа жыл мерекелері кезеңінде мұсылман емес адамдарға қарсы әрекеттер жасауға шақырғанын мәлімдеді.
Күдіктілердің бір бөлігі соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақтардан келгені атап өтілді. Сондай-ақ билік тергеуден жасырынып жүрген өзге де фигуранттарды іздеу жұмыстарының жалғасып жатқанын хабарлады.



