
Атырау қаласында интернет-алаяқтықтың кезекті дерегі тіркелді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қала тұрғыны Telegram мессенджері арқылы өткізілген онлайн-ойынға сеніп, шамамен жарты миллион теңгесінен айырылған.
Жәбірленушінің айтуынша, лотереяға қатысқан соң оған белгісіз адам хабарласып, өзін ұйымдастырушы ретінде таныстырған. Ол азаматқа 250 мың теңге көлемінде ұтыс шыққанын айтып, жүлдені алу үшін «растау процедурасынан» өту керектігін түсіндірген.
Алаяқтың нұсқауын орындаған тұрғын Kaspi Bank мобильді қосымшасы арқылы зергерлік дүкендерде қашықтан төлем жасап, бірнеше сатып алу рәсімдеген.
Нәтижесінде екі алтын алқа мен екі күміс сақина үшін жалпы сомасы 472 мың теңге төленген.
Полиция жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ретінде Ақтөбе қаласындағы колледж студенті анықталды.
Белгілі болғандай, ол сатып алынған әшекей бұйымдарды ломбардқа өткізіп жіберген.
Аталған факті бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


