Жаңалықтар
“Суицидке итермелейді”: Ішкі істер министрлігі телефондағы қауіпті ойындар туралы түсіндірді
Фото: pixabay.com
Әлеуметтік желілерде кішкентай баланың Schoolboy Runaway ойыны туралы әкесіне айтып жатқан видео тарады. Видеоға қатысты ішкі істер министрлігі пікір білдірді. Бұл туралы qandastar.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Астана тұрғыны өзінің баласының және оның достарының ойнап жүрген ойынын көрсету арқылы қалған ата-аналарға ескерту жасамақ болған.
Видеода бала ауладағы достарының аттарын атап, ойынның шарты бойынша қандай тапсырмаларды орындау керек екенін айтады.
«Біз ойынның ішінде тапсырмаларды орындаймыз. Мысалы үйден қашып достарыңа бару, шөпке секіру, сымдардың үстімен жүгіру, балықшыға бару, көлге батып кету деген сияқты», – дейді бала.
Оның айтуынша, тапсырмаларды орындағаны үшін оларға ұпайлар беріледі, оларды достар бір-біріне мақтанышпен көрсетеді.
Баланың әкесі ойынға қатысты ескерту жасады.
«Біздің ауланың барлық балалары осы ойынды ойнайтын болып шықты. Бұл суицидке әкелетін ойын сияқты. Балаларды үйден қашуға, шатырдан секіруге, көлге батып кетуге итермелейді. Мен баламның телефонынан осындай нәрселерді байқадым. Барлық ата-аналардан балаларыңызбен шұғыл әңгіме өткізуді сұраймын, бұл әзіл емес», – дейді ер адам.
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев видеоға қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, мұндай ойындар балаларды өз-өзіне қол жұмсауға итермелемейді.
«Соңғы уақытта қазақстандық мессенджерлерде қауіпті ойындар туралы ақпарат таралуда. Мұндай ойындар тікелей суицидке итермелемейді. Алайда балаларға үйден қашуды, ата-анасына бағянбауды үйретеді. Бұл баланың психологиясына әсер ететіні анық», – деп атап өтті Әлекешев ішкі істер министрлігінің брифингінде.
Осыған байланысты бөлім кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне балаларды тәрбиелеу мен қадағалаудың маңыздылығын еске салады.
Министрліктің ресми өкілі Қазақстандағы балалар арасындағы суицидтің негізгі себептерін де атады. Олардың арасында өзін жалғыз сезіну, қаржылық жағдайдың нашар болуы, ата-аналармен және туыстарымен арадағы қатынастың дұрыс болмауы, оқудағы мәселелер, ата-анасының ажырасуы, жақын адамның қайтыс болуы, жазадан қорқу және т.б себептер бар.
Өз-өзіне қол жұмсаудың нақты себептері тек тергеуден кейін белгілі болатынын айтады ол.
«Құрметті ата-аналар, біз сізді балаларыңыздың мінез-құлқы мен эмоционалдық жағдайын мұқият бақылауға шақырамыз, олармен ашық диалог жүргізіңіз. Балаға сіздің қолдауыңыз бен түсіністік танытуыңыз өте маңызды», – деді Шыңғыс Әлекешев.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда екі оқушы қыз тоғызыншы қабаттан құлап мерт болды. Кейін оқушы қыздардың жақындары оларды бұған не итермелегенін айтқан еді.