Жаңалықтар

Светлана Жақыпова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылды

Мемлекет басшысы қол қойған жарлыққа сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қызметінен кетті, деп жазады qandastar.kz сайты tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Жақыпова Светлана Қабыкенқызы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылды, – делінген хабарламада.

Светлана Жақыпова Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын және Алматы экономика және статистика академиясын тамамдаған.

Еңбек жолын 1984 жылы Қарағанды облысындағы Қарой орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1997–2008 жылдары Ақмола облыстық РМКК «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» филиалында жұмыс істеді.

2008-2011 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаментін басқарды. 2011 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» жобалық офисі бағдарламасының жетекшісі болды.

2013-2019 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарды. 2020 жылы ЕХӘҚМ жанындағы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры бас директорының орынбасары болып тағайындалды. 2020-2023 жылдары БҰҰ Даму бағдарламасының әлеуметтік даму мәселелері жөніндегі ұлттық сарапшысы болды. 2023 жылғы маусымда Президент жанындағы әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне кірісті.

2023 жылғы 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Светлана Жақыпованы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне тағайындады.

Ал 2024 жылғы 6 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен ол аталған қызметке қайта тағайындалған еді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button