Жаңалықтар
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тетіктері талқыланды
Сенатор Жанна Асанова Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкерлерімен кездесті,-деп хабарлайды Qandastar.kz
Қоғамдық қабылдау бөлмесіндегі әңгіме барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тетіктерін іздеу мәселелері басты тақырып болды.
Кездесуге департамент басшылығы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жетекші мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың, сараптамалық қоғамдастықтың өкілдері және Алматы қалалық мәслихатының депутаттары қатысты.
Жанна Асанова кездесуге қатысушыларға «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тетіктері» тақырыбы бойынша ОДМ жұмыс тобы қызметінің аралық нәтижелері туралы айтып берді. Таныстыру барысында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталған негізгі бастамалар мен әдістемелер, сондай-ақ оларды еліміздің түрлі өңірлерінде табысты іске асырудың мысалдары айтылды, – делінген ақпаратта.
Шараға қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар мен цифрлық құралдарды енгізу келешегін талқылады. Жанна Асанова сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға азаматтық қоғамды тартудың маңыздылығын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әдістері туралы халықтың хабардарлығын арттыру үшін ақпараттық жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тиісті ОДМ бойынша жұмыс тобы мен Алматының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі арасында талдамалық және ақпараттық-әдістемелік спектр мәселелері бойынша өзара тығыз іс-қимыл орнату туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Осылайша, таяу болашақта мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында бірлескен іс-шаралар, семинарлар мен тренингтер өткізу жоспарланып отыр.