Рудныйда екі жасөспірім пышақтап өлтірген 19 жастағы жігіттің әпкесі желіде жазба жариялап, жан сырын ақтарды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
«Осынын бәрі қорқынышты түсім сияқты, сенгім келмейді. Кеше ғана арамызда едің, бүгін елге құрметті,сыйлы адам болып қалдың.
Досқа адал болып,19 жасыңда ақ барлық досыңның көңілін тауып,жүздеріне күлкі сыйлап кеттің. Досы көпті жау алмайды дейтінбіз,өкінішке орай, кейде ол да бос сөз екен. Осы достарың жаназаңа емес,қуанышыңа жиналса болмас па еді…», — деп жазды ол.
Желі қолданушылары бойжеткенге сабыр тілеп, қолдау білдіріп жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, 23 қаңтарда көпқабатты үйдің кіреберісінде 19 жастағы жігіт пышақ жарақатынан көз жұмған еді.
Екі күдікті де — кәмелет жасқа толмаған. Олар қашып кетіп, Көкшетауда ұсталған болатын.
«Жастар бір-бірімен таныс болған. Олардың арасындағы жанжалдың арты адам өлімімен аяқталды», — деді полицейлер.



