Жаңалықтар
«Сыйлық туралы сөз қозғайын деген ойым болған жоқ»: Танымал ақын өзін сынаған баспагерге жауап берді

Фото:Stan.kz
Ақын Ханбибі Есенқарақызы қаралы жиында не себепті сыйлық туралы сөз қозғағанын түсіндірді, деп жазды qandastar.kz
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айта кетейік, баспагер Бақытжан Бұқарбай “Дулат Исабековтің асында сөз алған Ханбибі Есенқарақызы марқұмның артында қалған балаларына көңіл айтудың орнына, өзінің мемлекеттік сыйлық ала алмай жүргенін алға тартты. Бұл сөзі тым әдепсіз көрінді” деп жазған еді баспагер. Ақын өз кезегінде жауап берді.
«Ерікті ауызға, бөрікті бас сияды. Сыйлайтын адамым болғандықтан, Дулат ағаның қаралы жиынына қатысу үшін, жасымның егделігіне қарамай, таңғы бестегі ұшақпен барып, түн жамылып үйіме жеткен едім. Ал таңертең Facebook-та мені кінәлаған жазбаны көріп, қайран қалдым», – деп жазды ақын.
Әдебиет өкілі жиында Дулат Исабековтің отбасына көңіл айтып, туған-туыстарымен құшақтасып көріскенін, бірақ сол сәтте Бақытжан Бұқарбайдың болмағанын атап өтті.
«Сыйлық туралы сөз қозғайын деген ойым болған жоқ. Тек Дулат ағаның прозаға келуіме үлкен әсер еткенін айтқым келді. Мемлекеттік сыйлық комиссиясының кейбір мүшелері менің прозаға қандай қатысым бар деп сұрағанда, сол жерде отырғандарға шындықты жеткізуді жөн көрдім. Сыпсың-сыпсың өсек айтпай, сол ауылда жүріп аянбай еңбек еттім. Алған наградаларым сол еңбектің өтеуі. Ақ үй жағалап, тамыр – таныс іздеу – менің табиғатыма жат нәрсе. Тырнақ астынан кір іздеген Бақытжанға жол-жөнекей қосыла кеткендер табылыпты», – деп түсіндірді ақын.
Еске салайық, Дулат Исабеков 82 жасында дүниеден озған еді.